Алматыда «Жасыл аула-2026» акциясы аясында екі күннің ішінде мыңға жуық ағаш тұрғындарға таратылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл бастама алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ — акция жыл сайын өтіп, өз ауласын жасыл әрі жайлы еткісі келетін қала тұрғындарын біріктіреді.
Бастаманың басты ерекшелігі — қала тұрғындарының өздері тікелей қатысады. Көппәтерлі үйлердің тұрғындары отырғызу орнын өздері таңдап, ағаштарды өз қолдарымен егіп, оларды үш жыл бойы күтіп-баптауға міндеттеме алады.
Осылайша акция қаладағы жасыл желек көлемін ұлғайтуға ғана емес, алматылықтарды өз аулаларын абаттандыруға да тартады. Тұрғындардың қатысуы жаңа ағаштарды отырғызуға ғана емес, олардың ұзақ жылдар бойы сақталуын қамтамасыз етуге де септігін тигізеді.
