Алматыда Абай мен Момышұлы даңғылдарының қиылысында №78 және №136 бағыттағы автобустар соқтығысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде, атап айтқанда Threads-те куәгерлер таратты. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын нақтылады.
Ведомствоның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 10 қарашада сағат 13:00 шамасында Әуезов ауданында болған.
«SAZ маркалы автобустың жүргізушісі Абай даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, алда сол бағытта тұрған Golden Dragon маркалы автобуспен соқтығысты», – деді Zakon.kz-ке Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Полицияның хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шекпеген. Осы факті бойынша тергеу басталды.
«Қазіргі уақытта Әуезов ауданының полиция басқармасы қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр», – делінген департамент хабарламасында.
Сонымен қатар, Қазақстанның батысында Toyota Sienna және Niva көліктері қатысқан апатты жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан бір көлік жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты.
