Алматыда аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған арт-инсталляция дайындалды. Нысан аудиожүйемен жабдықталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Арт-нысан Масанчи көшесінің Абай даңғылы мен Сатпаев көшелері аралығындағы жаңартылған бөлігіне орналастырылды.
«Оның басты ерекшелігі — интерактивті аудиожүйе: түймені басқанда топтың танымал әуендерін естуге болады. Инсталляция ұжым мүшелерінің жиынтық бейнесін білдіреді, оның тарихы Алматыда 1967 жылы басталған. Композиция металдан авторлық техникада жасалған. Құрылымның биіктігі 1,8 метр, ені — 3,5 метр», — делінген хабарламада.
Ашылу рәсімі 22 қазанда сағат 14:00-де өтеді. Іс-шара бағдарламасында музыкалық қойылымдар мен Meir BAND орындауындағы «Дос-Мұқасан» композициялары қарастырылған.
