ІІМ және ҰҚК Алматыда төрт фармацевтикалық компанияның қызметін жолын кесті. Олар күшті әсер ететін препараттарды қоса алғанда, дәрі-дәрмектерді контрабандалық жолмен әкеліп, дәріхана желілері арқылы сатқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
— Айыпталушылар сонымен қатар қолдан жасалған дәрі-дәрмектерді, оның ішінде психотроптық заттар бар препараттарды заңсыз өндірген. Бірнеше қойма және жерасты өндірістік цех табылды. Контрафактілік өнім азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірді, өйткені ол антисанитарлық жағдайда жасалған. Мұндай препараттарды тұтыну адам үшін орны толмас салдарға әкелуі мүмкін, — деп хабарлайды ІІМ.
Ведомство қылмыстық әрекетті ұйымдастырушыларға ақшалай сыйақы үшін қамқорлық жасаған фармбақылау департаментінің лауазымды тұлғалары анықталып, ұсталғанын қосты. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 366-бабы — пара алу бойынша сараланған.
— Тауар айналымы мен қаржылық ағындарды талдау контрабандалық және контрафактілік қызметтің көлеңкелі схемаларының бар екенін растады. Сонымен қатар, алдын ала мәліметтер бойынша, өткен жылы мемлекетке 800 млн теңгеден астам сомаға салықтар және өзге де міндетті төлемдер төленбеген, — деп атап өтті министрлікте.
ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен арнайы операциясы барысында заңсыз айналымнан ірі көлемдегі ақша қаражаты, ондаған мың қаптама жалған препараттар, оның ішінде айналымы шектелгендер, сондай-ақ оларды жасауға арналған жабдықтар мен шикізат тәркіленді. Бұл жалған медициналық өнімнің едәуір көлемінің заңды айналымға түсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.
— Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар және олардың көмекшілері уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық әрекеттің барлық қатысушыларын, сондай-ақ шетелден қоса алғанда, дәрі-дәрмек жеткізу арналарын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде, — деп хабарлайды ІІМ.
Дереккөз: Inform.kz