Алматыда Саина көшесінде Changan және Hyundai Elantra көліктері соқтығысып, екі жолаушы зардап шекті. Полиция оқиға мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жол апаты Алматының Алатау ауданындағы Саина көшесінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, солтүстік бағытта келе жатқан Changan жүргізушісі жол жөндеу учаскесінің алдында жылдамдықты азайтқан. Артынан келе жатқан Hyundai Elantra қауіпсіз қашықтықты сақтамай, соқтығысқан.
«Соққының күшінен Changan көлігі инерциямен бордюрге шығып кетті», — деп хабарлады полиция.
Апат салдарынан Hyundai Elantra-ның екі жолаушысына медициналық көмек көрсетілді.
«Жол-көлік оқиғасынан Hyundai Elantra көлігінің екі жолаушысы зардап шекті. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді», — деп атап өтті ведомствода.
Оқиға мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
«Тәртіп сақшылары жүргізушілерге, әсіресе жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде, жол жағдайы бірнеше секунд ішінде өзгеруі мүмкін екенін ескеріп, қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттігін еске салады», — деп атап өтті полиция.
Дереккөз: Nur.kz