Алматының Бостандық ауданындағы Сәркебаев даңғылы бойында орналасқан бесқабат тұрғын үйде өрт шығып, одан 10 адам, оның ішінде бір бала құтқарылды. Үшінші қабаттағы терезеден бір тұрғынды құтқарушылар сыртқа шығарды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Өрт бірінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттардың тұтануынан басталған. Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде қатты түтін байқалған.
«Алғашқы бөлімшелер келгенде қатты түтіндеу байқалды. Бірінші қабаттағы пәтерде тұрмыстық заттардың жанғаны анықталды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшесі дереу барлауға және адамдарды құтқаруға кірісті. Үш қанатты баспалдақтың көмегімен үшінші қабаттың терезесінен бір адам құтқарылды. Тағы тоғыз адам, оның ішінде бір бала, құтқару қалпақтарын пайдаланып, баспалдақ алаңы арқылы эвакуацияланды», — делінген ведомство хабарламасында.
Барлығы 10 адам құтқарылды, зардап шеккендер жоқ, өрт сөндірілді.
Бұған дейін Алматыда тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шыққаны, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері төрт адамды эвакуациялап, бір баланы құтқарғаны хабарланған болатын.
