Алматы халықаралық әуежайының жүк терминалы Австралиядан келген 558 бас Дорпер тұқымды қойды қабылдады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы 2026 жылғы 18 қарашада әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеді. Аталған жеткізілім осы бағыттағы екінші партия болып отыр.
Бұған дейін, 30 қазанда Астана әуежайына Австралиядан 1100 бас Дорпер тұқымды қойдың алғашқы партиясы келіп түскен болатын. Бұл жеткізілім Ақмола облысындағы шаруашылықтың 4 мың бас ұсақ мал сатып алуға арналған ауқымды жобасының бірінші кезеңіне айналды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, Австралиядан жеткізілім тек асыл тұқымды мал басын көбейтуге ғана емес, сонымен қатар саланың ұзақ мерзімді генетикалық негізін қалыптастыруға да бағытталған.
