...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Almaty SuperSki курорты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосылады

Almaty SuperSki курортын салу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр, ал нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсанына жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Kazakh Tourism Development Ltd директорлар кеңесінің отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке баяндалды. Компания мәліметінше, құрылыс жұмыстары бекітілген графикке сәйкес атқарылып жатыр.

Францияның POMA компаниясы аспалы жолдардың іргетасын құю жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар кәсіпорын жобаның жеке техникалық параметрлерін ескере отырып, жабдық дайындап жатыр. Жалпы POMA 11 аспалы жол салады.

Almaty SuperSki жобасының маңызды ерекшелігі — қазақстандық өнеркәсіптің қатысуы. Әлеуетті жеткізушілерді бағалағаннан кейін француз компаниясы еуропалық сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, құрылымдардың жекелеген элементтерін шығара алатын отандық өндірушіні біліктіліктен өткізді.

Бұл қазақстандық кәсіпорындарға жаңа технологиялар мен өндірістік құзыреттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Экономикалық әсер курортты басқаратын компанияның қызметімен шектелмейді: тапсырыстарды құрылыс ұйымдары, материалдар мен жабдық өндірушілер, көлік және сервистік кәсіпорындар ала алады.

Almaty SuperSki іске қосылғаннан кейін қонақүй және мейрамхана бизнесі, сауда компаниялары, прокат пункттері мен туристік қызмет ұйымдастырушылары үшін қосымша мүмкіндіктер ашылады. Курорттың жыл бойы жұмыс істеу форматы сұранысты тек қыста емес, жаз мезгілінде де ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Жоба есептеулері бойынша, толық қуатқа шыққаннан кейін мұнда шамамен 5 мың жұмыс орны құрылуы мүмкін. Жылына 1 млн турист келіп, орташа үш күн тұратын болса, қонақтардың жиынтық шығыны жыл сайын $900 млн-ға жетуі ықтимал.

Осындай жобаларды дамыту туристік саланы нығайту бағытына сай келеді, оның нәтижелері халықаралық бағалауларда да көрініс табады. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2026 жылғы саяхат және туризмді дамыту индексінде Қазақстан 110 елдің ішінде 56-орынды иеленіп, Орталық Азияда көш бастады.