
BI Engineering & Construction компаниясы салған жаңа нысан биыл жазда жұмысын бастап, қаладағы қосымша білім беру алаңдарының ішіндегі ең ірілерінің біріне айналады. Орталық Алатау ауданы тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанға айналып, балалар мен жасөспірімдерге үйге жақын жерде білім беру, спорт және шығармашылық бағыттардың кең таңдауын ұсынады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жалпы ауданы 10 мың шаршы метрден асатын үш қабатты орталық екі ауысымда 1350 келуге есептелген. Мұнда балалар мен жасөспірімдер үйге жақын жерде жаңа білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, спортпен айналысып, заманауи технологияларды меңгере алады.
Орталықта жас ұрпақты жан-жақты дамытуға жағдай жасалған. Спорттық жаттығулар үшін 25 метрлік бассейн, емдік бассейн, бокс және жекпе-жек залдары жабдықталған. Шығармашылық бағыттар музыкалық және хореографиялық студияларды, бейнелеу өнері, киім дизайны, мүсін және аспаздық сыныптарын қамтиды. Ғылыми-техникалық блок 3D-модельдеу, электроника және радиобайланыс кабинеттерімен, зертханалармен, FABLAB шеберханаларымен және жаңартылатын энергия көздерін зерттеу алаңдарымен ұсынылған. Сондай-ақ орталықта планетарий, шығармашылық шеберханалар және мамандандырылған зертханалар жұмыс істейтін болады.
Инклюзивтілік пен қолжетімді білім беру ортасын құруға ерекше көңіл бөлінген. Ғимаратта сенсорлық бөлме, емдік дене шынықтыру кабинеттері және басқа да кеңістіктер қарастырылған, бұл әртүрлі қажеттіліктері бар балаларға ыңғайлы оқуға және дамуға мүмкіндік береді.
Іргелес аумақ толық абаттандырылған, ал орталық іске қосылғаннан кейін 70 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Жоба жетекшісі Диас Түнгішбековтың айтуынша, жаңа орталық бүкіл аудандағы балалар мен жастар үшін маңызды тартылыс нүктесіне айналады.
Орталықтың ашылуы Алатау ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып, мыңдаған бала мен жасөспірімге заманауи және ыңғайлы жағдайда сапалы қосымша білім алуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Zakon.kz