...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда Балалар күніне орай «БАЛА ӘЛЕМІ» фестивалі өтті: AI-сүлу жүргізуші, шетелдік қонақтар

Алматыдағы Орталық демалыс саябағында 1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «БАЛА ӘЛЕМІ» қалалық мерекелік шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Мерекенің басты оқиғасы – танымал қазақстандық әртістер, жас орындаушылар және шетелдік қонақтардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама. Көрермендер алдында Қазақстанның Халық әртісі Нагима Ескалиева, Диас Аблаев, сондай-ақ халықаралық BOZTORGAI байқауының сахнасынан бастау алған Əmre, Kyle Ruh, Ayree және Alem өнер көрсетті.

Шараның арнайы қонақтары – Болгариядан келген жас әнші Виктория Илиева және «Славянский базар – 2013» байқауының Гран-при иегері, поляк композиторы мен әншісі Михал Качмарик. Ол сондай-ақ 2 маусымда Алматыда басталатын BOZTORGAI-2026 халықаралық байқауының қазылар алқасының жұмысына қатысады.

Концерттік бағдарламаны республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, сондай-ақ қаладағы балалар вокалдық студиялары, шығармашылық мектептер мен би ұжымдарының өнерлері толықтырды.

Мерекенің ерекшелігі – виртуалды жүргізуші AI-сұлудың қатысуы болды. Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту жылы аясында цифрлық көмекші концертті сүйемелдеп, көрермендерге қызықты деректер айтып, сахнадағы оқиғаларға түсініктеме беріп отырды.

Күн бойы балалар мен ата-аналар үшін тақырыптық алаңдар жұмыс істеді: «Қайрат» — чемпион!» футбол аймағы, шахмат алаңы, суретшілердің шығармашылық аллеясы, «Ұлы даланың жаңғырығы» музыкалық бағдарламасы және қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының интерактивті алаңы.

Сондай-ақ қонақтар үшін шеберлік сабақтары, байқаулар, спорттық жарыстар және басқа да ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды.

Дереккөз: Inalmaty.kz