...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда автокөлік сату кезіндегі жанжал пышақтауға ұласты

Алматы полицейлері автокөлікті қайта сату мәмілесіне қатысушылар арасындағы жанжалдан кейін жасалған қарақшылық шабуылды ашты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, екі ер адам мәміле шарттарын талқылау үшін кездесуге келіскен. Келіссөздер барысында олардың арасында жанжал туындап, ол құқыққа қайшы әрекеттерге ұласқан: қатысушылардың бірі қарсыласында ақшасы бар банк картасы бар екенін біліп, оған пышақ жарақатын салған, содан кейін автокөлікті иемденіп, оқиға орнынан жасырынған.

Жәбірленуші дереу ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Қылмыс туралы хабарлама түскеннен кейін қалада «Перехват» жоспары енгізілді. Барлық патрульдік экипаждар күдікті мен ұрланған автокөлікті іздеуге бағытталды.

Полиция қызметкерлерінің жедел және үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде күдіктіні қысқа мерзімде анықтап, бұғаттап, Райымбек даңғылында ұстауға мүмкіндік туды. Одан заттай дәлелдемелер алынды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Айта кетейік, Қазақстанда автокөлік ұрлау саны жыл сайын азайып келеді. Дегенмен, көліксіз қалу немесе іздеуде жүрген көлікті кездейсоқ сатып алу қаупі әлі де бар. Бұған дейін Kazinform сатып алу кезінде өзіңізді қалай қорғауға болатынын анықтаған болатын.

Дереккөз: Inform.kz