
19-23 маусым аралығында оңтүстік астанада «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілері мен көлік құралдарының техникалық жай-күйін тексереді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алмалы ауданы Полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан бұл туралы Instagram-дағы парақшасында жазды. Рейдтерді Алмалы ауданы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ұйымдастырып, олар 23 маусымға дейін жалғасады.
Іс-шара барысында инспекторлар автобус және маршруттық көлік құралдарының жүргізушілерінің Жол жүрісі ережелерін, жылдамдық режимін, сондай-ақ жолаушылар тасымалына қойылатын талаптарды сақтауын бақылайды.
Қоғамдық көліктің техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылады. Автобустар автопарктерден шыққан кезде полиция қызметкерлері көлік құралдарының ақаусыздығын және олардың қауіпсіз пайдалануға дайындығын тексереді.
Полицияда атап өткендей, ЖПІ жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жүргізушілер арасында тәртіпті арттыруға және қалалық бағыттарда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Дереккөз: Inalmaty.kz