Алматының Түрксіб ауданында орналасқан аса қауіпті инфекциялар орталығының маңында өрт шығып, сөндірілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде өрт сөндіруші көліктерінің орталық аумағына жақын жерде тұрғаны туралы ақпарат тарады.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 20 қыркүйек күні сағат 23:45-те өрт сөндіру бөлімшелері Түрксіб ауданы, Жахангер көшесі, 14 мекенжайына жіберілді.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, қысқа тұйықталу.
Редакция сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне өрттің нысанның инфекциялық қауіпсіздігіне әсер еткен-етпегенін нақтылау үшін сұраныс жолдады. Жариялау сәтінде жауап келіп түскен жоқ.
Ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығының сайтында жазылғандай, бұл – карантиндік және зооноздық инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау, алдын алу және олармен күрес саласындағы Қазақстанның жетекші мемлекеттік мекемесі. Ол елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады.
Айта кетейік, аса қауіпті инфекциялар орталығына бөгде адамның кіруі іс жүзінде мүмкін емес – аймақ жабық. Zakon.kz тілшісі онда болып, ғалымдардың қандай жұмыспен айналысатынын білуге мүмкіндік алған болатын.
