Алматыда Қорғаныс министрлігінің Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институтына құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі. Бұл елдегі жалғыз радиоэлектрондық бейіндегі әскери жоғары оқу орны.
Құжаттарды тапсыру мерзімі 31 шілдеге дейін. Биыл институт 280-нан астам курсант қабылдауды жоспарлап отыр. Түсу үшін үміткерлер ҰБТ-ның төрт пәні бойынша кемінде 50 балл жинауы, сондай-ақ психологиялық тестілеу, медициналық куәландыру, дене дайындығын тексеру және арнайы тексеруден сәтті өтуі қажет.
Жаңа оқу жылында институт «Әскери істегі радиоэлектроника және инжиниринг», «Әскери істегі радиотехника және инжиниринг», «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» бағыттары бойынша офицерлер даярлайды.
Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын «Әскери журналистика» және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлескен «Әскери дирижер» қос дипломды білім беру бағдарламаларына қабылдау жалғасуда. Осы мамандықтарға түсушілер үшін шығармашылық емтихандар қарастырылған.
Институтта оқу толығымен мемлекет есебінен жүргізіледі. Курсанттар тегін тұру, тамақтану, медициналық қызмет көрсету және киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Оқуды бітіргеннен кейін түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы, ал үздіктерге «аға лейтенант» атағы беріледі. Барлық түлектерге Қазақстанның Қарулы күштері мен басқа да әскери құрылымдарында офицерлік лауазымдарға тағайындалу кепілдік беріледі.
Биыл Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институты 25 жылдығын атап өтеді. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орны материалдық-техникалық базасын жаңартып, төрт жылдық оқу жүйесін, қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізіп, азаматтық жоғары оқу орындарының студенттері үшін запас офицерлерін даярлауды ұйымдастырды.
Дереккөз: Inalmaty.kz