...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 7 және 9 мамыр: мерекелік іс-шаралардың толық бағдарламасы

Алматыда Дәстүр бойынша Отан қорғаушы күні (7 мамыр) мен Жеңіс күніне (9 мамыр) арналған салтанатты, мәдени және патриоттық іс-шаралар өтеді. Қалада салтанатты рәсімдер, концерттер, көрмелер, тақырыптық кездесулер, кино көрсетілімдер және еске алу акцияларын қамтитын бай бағдарлама жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

7 мамыр – Отан қорғаушы күні

Сағат 09:00-де «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде қала басшылығы, құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің қатысуымен Мемлекеттік ту көтерудің салтанатты рәсімі өтеді.

Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында отандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен басты мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Концертке Роза Рымбаева, Талғат Кузембаев, Максат Рахмет, Серікбол Сайлаубек, Қазыбек Әдікеев, Дәурен Байборі, сондай-ақ «Алатау серілері», «КешYOU», «Muzart Life», «Алашұлы» және «Арғымақ» топтары, сонымен қатар Алматы өңірлік гарнизонының әртістері қатысады.

Құқық қорғау және қорғаныс органдарының аумақтарында, сондай-ақ басқа да ескерткіштер мен стелаларда Даңқ мемориалына, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің құрметіне орнатылған монументтерге гүл шоқтарын қою рәсімдері өтеді.

Мерекелік бағдарлама аясында қалада концерттер, қайырымдылық акциялары, челлендждер, байқаулар, театр қойылымдары, әдеби кештер және тақырыптық сынып сағаттары жоспарланған.

Д. Қонаев музейінде «Айбынды әскер – тәуелсіздік тірегі» танымдық сабағы және экскурсия.

Alatau Creative Hub-та «Отан қорғау – парыз, мақтаныш, абырой» патриоттық сағаты.

Наурызбай ауданының комьюнити-орталығында (Жүнісов көшесі, 4/2а) «Батырға хат» акциясы.

Медеу ауданының комьюнити-орталығында (Халиуллин көшесі, 140/5) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы өкілдерімен жастарға арналған «Ерлік сабағы» кәсіптік бағдар беру кездесу-әңгімесі.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» мерекелік іс-шарасы (Пятницкий көшесі, 100).

Сағат 15:00-де қалалық жинақ пунктінде (Беринг көшесі, 31) салтанатты іс-шара өтеді, онда орындаушылардың қатысуымен концерттік нөмірлер ұйымдастырылып, Наурызбай ауданының әскерге шақырылушыларын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына жіберу рәсімі өтеді. Шақырылушылар мен олардың ата-аналары үшін жіберу алдында кездесу ұйымдастырылады.

Отан қорғаушы күніне орай Almaty Gallery-де (Достық даңғылы, 44) мүсінші-суретші, дизайнер және фотожурналист Дәурен Максұтханұлының «Изобразительный мир» жеке шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы.

Алатау ауданының комьюнити-орталығында «Батырларға тағзым» патриоттық сынып сағаты.

Медеу ауданының комьюнити-орталығында балаларға арналған мерекелік ашықхаттар жасау бойынша «Қорғаушыға сыйлық» шеберлік сабағы.

Наурызбай ауданының комьюнити-орталығында «Ерлік – елге мұра» патриоттық кездесуі.

«Кино-марафон»: Жетісу ауданының комьюнити-орталығы мен амфитеатрда (Шұғыла шағын ауданы, 347) ашық аспан астында патриоттық тақырыптағы қазақстандық көркем фильмдердің ашық көрсетілімі.

MEGA Park аумағында 600 адамның қатысуымен «Ел қорғаны – ерлер» ірі патриоттық іс-шарасы.

9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні. Негізгі іс-шаралар

Сағат 09:30-да 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтеді.

Сондай-ақ 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін әскери-дала асханасын пайдалана отырып, мерекелік түскі ас ұйымдастырылады.

9 мамырда негізгі концерттік бағдарламадан басқа әр ауданда мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады:

Алмалы ауданы – А. Иманов атындағы сквер.

Алатау ауданы – «Атлетическая деревня» (Нұркент, 5).

Әуезов ауданы – Family Park.

Жетісу ауданы – Әл-Фараби сквері (Айнабұлақ шағын ауданы).

Дереккөз: Almaty.tv