Алматының Алмалы және Бостандық аудандарында реновация жобаларын іске асыру үшін инвесторлар іздестірілуде. Жалпы ауданы 8 гектарға жуық учаскелерде 61 тұрғын үй орналасқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ реновация жобаларын жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторларды іріктеу рәсімін бастағанын хабарлады.
Бірінші жоба Алмалы ауданындағы Тұрғыт Озал, Шәкәрім, Кәрімов және Есенжанов көшелерінің қиылысындағы аумақты қамтиды. Учаскенің ауданы 3,06 гектарды құрайды. Мұнда 50 жеке тұрғын үй орналасқан. Оларды сатып алудың алдын ала құны 5,8 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Бірінші кезеңде құны шамамен 350 млн теңге болатын үш үйді сатып алу жоспарлануда.
Аумақ босатылғаннан кейін мұнда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес жаңа құрылыс жүргізіледі. Құжаттамада бұл аумақ биік құрылыс учаскесі ретінде белгіленген.
Бостандық ауданында тағы 11 үй сүріледі. Екінші реновация жобасы Бруно, Бөгенбай батыр, Верещагин және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Аумақтың ауданы 4,8 гектарды құрайды. Мұнда реновацияға 156 пәтері бар 11 ескірген үй кіреді.
Барлық ескірген пәтерлерді сатып алудың алдын ала құны 3,9 млрд теңгені құрайды. Бірінші кезеңде 24 пәтері бар үш үйді көшіру жоспарлануда. Оларды сатып алуға алдын ала 600 млн теңге қарастырылған.
Жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне сәйкес, аумақ реновацияланғаннан кейін мұнда биіктігі 9 қабатқа дейінгі жаңа тұрғын үйлер салынады. Олардың орналасуы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес жүзеге асырылады.
Жобаларды іске асыру үшін «Алматы» ӘКК Алматы қаласының ескірген тұрғын үйін реновациялау жобаларын қарау, іріктеу және сүйемелдеу қағидаларына сәйкес әлеуетті инвесторларды іріктеуді жүргізіп отыр.
Айта кетейік, Алматыда тұрғын үй қорын реновациялау жалғасуда. Бұған дейін реновация дегеніміз не, үйлер қандай критерийлер бойынша тізімге енгізіледі және ұсынылған тұрғын үйден бас тартқан жағдайда не болатыны туралы айтылған болатын.
