...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы 2050 жылға қарай 4 млн шетелдік турист қабылдауды жоспарлап отыр

Алматы 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 млн-ға, ал 2050 жылға қарай 4 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалдының Қала күніне орай жарияланған бағдарламалық мақаласында айтылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 млн турист келген, оның ішінде 750 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Әкімдік алдағы уақытта туристік ағынды ұлғайтумен қатар, қонақтардың қалада болу ұзақтығын, алатын әсерлерінің сапасын және олардың экономикаға қосатын үлесін арттыруға баса назар аудармақ.

— Алдағы міндет – туристер санын көбейту ғана емес, олардың қалада болу ұзақтығын, алатын әсерлерінің сапасын және Алматы экономикасына қосатын үлесін арттыру, – деді Дархан Сатыбалды.

Оның айтуынша, жоспарланған жобаларды жүзеге асыру туризмнен бюджетке түсетін жылдық кірісті 250 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Негізгі бағыттардың бірі – Алматының Тау кластерін дамыту. Шымбұлақ, Қимасар және Бутаковканы, ал келешекте «Пионер», Oi-Qaragai және басқа да туристік нысандарды біріктіретін бірыңғай тау жүйесін құру жоспарланып отыр.

Кластер жыл бойы жұмыс істейтін болады. Қыста мұнда тау шаңғысы трассалары мен қысқы демалыстың басқа түрлері, жазда жаяу және велосипед маршруттары, серуендеу аймақтары, отбасылық және белсенді демалыс қолжетімді болады.

— Тау туризмі маусымдық форматтан арылып, жыл бойы жұмыс істейтін экономикалық экожүйеге айналуы тиіс, – дейді қала әкімі мақаласында.

Сондай-ақ мақалада қаланың тарихи мұрасына ерекше көңіл бөлінген. Осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі – сақ қорғандарының аумағында рекреациялық саябақ құру.

Сонымен қатар Боралдайдан Есікке дейінгі ежелгі қорғандарды, Ұлы Жібек жолының іздерін, тарихи сәулет нысандарын және қаланың мәдени қабаттарын байланыстыратын бірыңғай тарихи-туристік кеңістік құру мүмкіндігі қарастырылуда.

Алматы технологиялар, жасанды интеллект және креативті индустрияларды біртіндеп қала экономикасының негізгі өсу көздерінің біріне айналдыруды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту аясында жаңа мектептер, медициналық мекемелер және ірі спорт нысанын салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.