Алматыда әлеуметтік желіде жарияланған видеода Mercedes көлігін ерескел түрде жол жүрісі ережелерін бұзып жүрген 19 жастағы жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Instagram-парақшасында хабарланғандай, интернет-кеңістікті мониторингілеу барысында Mercedes көлігінің жүргізушісі жол жүрісі ережелерін демонстрациялық түрде бұзған бейнежазба анықталған. Полицейлер көлік басқарған жігіттің жеке басын анықтаған – ол 19 жастағы қала тұрғыны болып шыққан.
«Анықталғандай, жас жігіттің көлік құралын басқару құқығы болмаған. Осы бұзушылық үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, демонстрациялық мінез-құлық және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жүргізуші полицияға жеткізіліп, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының шешімімен ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды. Сот оған бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады», – деп атап өтті полицияда.
Алматы ПД әлеуметтік желілерде жарияланған кез келген құқыққа қайшы контент тексеріліп, оның авторлары заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Дереккөз: Nur.kz