Алматыда Орталық Азия өсімдік питомниктері қауымдастығының IV конференциясы мен Green Spaces Expo 2026 халықаралық көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара 23-25 қыркүйек аралығында жалғасады. Оған 15 елден 80-нен астам экспонент қатысып отыр. Ашылу рәсіміне Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.
Конференцияға қалалық әкімдіктердің өкілдері, питомниктер мен бақ өсіру орталықтары, сәулетшілер, урбанистер, ландшафт мамандары, ғалымдар және түрлі елдердің компаниялары жиналды. Биылғы көрме питомник шаруашылығына, көгалдандыруға және қоғамдық әрі жеке кеңістіктерді абаттандыруға арналған.
Алматы үшін мұндай іс-шара практикалық тәжірибе алмасуға және қалалық ортаға арналған заманауи шешімдермен танысуға мүмкіндік береді. Бағдарламада жасыл кеңістіктерді жобалау мен күтіп ұстау, климаттық жағдайға сай өсімдік таңдау, суару жүйелері мен жаңбыр суын сақтау, сондай-ақ тұрақты қоғамдық кеңістіктер құру тәсілдері қарастырылған.
Бағдарламаның жеке бөлігі практикалық оқытуға арналған. Қалалық көгалдандыруды басқаратын мамандар үшін мердігерлермен жұмыс, отырғызу материалын таңдау, өсімдіктерді отырғызу мен күту, орындалған жұмыстардың сапасын бақылау мәселелері қарастырылатын интенсивтер мен семинарлар өтеді. Сондай-ақ «Ашық микрофон» форматы қарастырылған – екі сағаттық сессия барысында қатысушылар саланың жетекші сарапшыларына сұрақ қойып, практикалық кейстерді талқылай алады.
Конференциямен қатар «Атакент» КЦДС-де Green Spaces Expo 2026 көрмесі өтіп жатыр. Мұнда Қазақстан, Ресей, Германия, Нидерланд, Польша, Бельгия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және басқа да елдердің питомниктері мен өндірушілері ұсынылған.
Бағдарламаны 25 қыркүйекте Green Expert практикалық күні қорытындылайды. Қатысушылар Алматының іске асырылған қалалық көгалдандыру нысандарын, бас ботаникалық бақты аралап, жасыл екпелерді күту бойынша шеберлік сабақтарына қатысады.
Конференция «Атакент» КЦДС-де, «Бақшасарай» қабылдау үйінде, Тимирязев көшесі, 42, 1-к. мекенжайы бойынша өтеді.
