
Алматыда есірткі қылмысына қарсы күрес жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, ағымдағы жылдың 5 айында 342 құқық бұзушылық анықталып, 143 келіден астам есірткі тәркіленген. Сондай-ақ құқыққа қарсы мақсатта пайдаланылған мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталып, көптеген закладчиктердің әрекетіне жол берілмеген.
Жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, масаң күйде көлік жүргізген мыңнан астам жүргізуші ұсталып, 1400-ден астам жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылған. Қаланың негізгі магистральдарында фильтрациялық бекеттер енгізілген, бұл өрескел бұзушылықтар мен іздеудегі көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
— Алдын алудың маңызды элементі бейнебақылау жүйелерін дамыту болып қалады. Бүгінгі таңда қалада 200 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 73 мыңнан астамы жедел басқару орталығына шығарылған. 19 мыңнан астам камера бейнеаналитика және жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған, — деді Салтанат Әзірбек өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Полицияда атап өткендей, барлық қабылданып жатқан шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаладағы құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған. Бұған дейін полиция Алматы облысы Қарасай ауданының аумағында ондаған мың доза «синтетика» өндірген жерасты есірткі зертханасын жойған болатын.
Дереккөз: Inform.kz