Алматының Бостандық ауданындағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері таулы аймақта тексеру жүргізіп, квадроцикл мен электромотоцикл иелерінің қауіпсіздік талаптарын сақтауын қадағалады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексеру барысында полицейлер 18 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады.
Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көлік құралын басқарғаны үшін 5 әкімшілік хаттама, оқылмайтын нөмір белгісімен басқарғаны үшін 1 хаттама, Алматы қаласының абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 10 хаттама толтырылды. Тағы бір хаттама тиісті құжаттарсыз және жүргізу құқығынсыз көлік басқарғаны үшін, 4 хаттама жол қозғалысы ережелерінің басқа да бұзушылықтары үшін жасалды.
Жол қозғалысына қатысушылар мен айналадағыларға қауіп төндіретін 9 техника бірлігі – алты квадроцикл және үш электромотоцикл мамандандырылған тұраққа қойылды.
— Таулы аймақ Алматы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны, алайда бұл квадроцикл және басқа да мототехника иелерін белгіленген талаптарды сақтаудан босатпайды. Біздің міндетіміз – азаматтардың демалысын шектеу емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу. Осындай тексерулер аудан аумағында жалғасады, — деді Бостандық ауданы полиция басқармасының бастығы Денис Лоскутов.
Квадроцикл мен электромотоцикл иелеріне техниканы пайдалану кезінде заңнама талаптары мен қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі еске салынды.
Еске салайық, жазда Астананың 22 жастағы тұрғыны квадроцикл рөлінде қаза тапқан болатын. Квадроциклмен өлімге әкелген жол апаты Ақмола облысының Бурабай ауданында болды.
