Алматы тауларында туристік жолдан адасып кеткен үш қызды құтқарушылар тауып, қиын жерден алып шықты. Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары қыздарды қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға Алматы маңындағы тауларда болған. Құтқарушыларға қыздардың адасып кеткені туралы хабарлама түскен. Оларды іздеуге Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қызметкерлері шықты. Қыздарды тауып, күрделі рельефті жерден алып шығу үшін альпинистік жабдық қолданылған.
Құтқару операциясы сәтті аяқталды. Қыздар зардап шеккен жоқ, олар өздігінен үйлеріне кетті.
Төтенше жағдайлар министрлігі туристерді алдын ала маршрутты зерттеп, ауа райы жағдайын және дене дайындығын ескеруге, сондай-ақ белгіленген жолдардан шықпауға шақырады.
Бұған дейін Алматы тауларында туристердің қиын жағдайға тап болғаны хабарланған болатын.
