
Шымбұлақ жағынан шығып, Алматы тауларында жоғалған туристі құтқарушылар тапты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі ҚР ТЖМ-не сілтеме жасап.
Ер адам 20 мамырда тауға аттанып, екі күннен кейін оралуы керек еді. Алайда белгіленген уақытта байланысқа шықпаған, телефоны қабылдамай қалған. Осыдан кейін жақындары көмек сұраған.
Іздеуге ҚР ТЖМ «Барыс» жедел-құтқару жасағы мен Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды. Олар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңына қарай беткейді жаяу тексерген.
Жоғалған туристі маршрутты тексеру кезінде тапты. Оған медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар оны «Медеу» мұз айдынына дейін қауіпсіз түсіріп, жақындарына тапсырды.
ТЖМ тауға шығар алдында туыстарына нақты маршрут пен қайту уақытын хабарлауды ескертеді.
Дереккөз: Inform.kz