Алматыда тұрғын үйлердің бірінің жанында, Астраханская көшесі бойындағы жеке секторда қару-жарақ, оқ-дәрі және гранаталар жасырылған жер табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ведомство мәліметінше, жасырын қойманы экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Медеу аудандық полиция басқармасының әріптестерімен бірлесіп, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықтаған.
Қойма тікелей жеке секторда – Астраханская көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің маңындағы жол бойында орналасқан.
«Жол бойынан обрезке айналдырылған ТОЗ-25 тегіс ұңғылы мылтығы, тапаншаға ұқсайтын зат, сондай-ақ әртүрлі калибрлі оқ-дәрілер табылды. Сонымен қатар, гранаталар, оның ішінде жарық-дыбыс гранаталары және қауіп төндіруі мүмкін басқа да заттар тәркіленді», – делінген ДП хабарламасында.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген барлық қару-жарақ сараптамаға жіберілді.
Тиісті зерттеулер тағайындалды, ал жедел қызметкерлер қарудың шығу тегін, оның сақталу жағдайларын және қойманы жасауға қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.
Бір күн бұрын полицейлер Алматы тауларында, Медеу ауданындағы саяжай массивінің аумағында тасталған қару мен оқ-дәрілерді тапқан болатын.
