...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы полициясы күшейтілген патрульдік режимге көшті: 4,8 мыңнан астам бұзушылық анықталды

Алматыда «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Қалалық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, криминогендік ахуалды тұрақтандыру және құқықтық тәртіп деңгейін арттыру мақсатында күшейтілген режимде қызмет етеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Іс-шара аясында бірыңғай жиын өткізіліп, оған Алматыдағы қоғамдық тәртіпті қорғауға тартылған бөлімшелердің қызметкерлері қатысты. Негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдардағы тәртіпті күшейту.

«Әрбір қызметкер кәсіби түрде, заң аясында қатаң және азаматтарға құрметпен әрекет етуі керек. «Заң және тәртіп» қағидасы тек ұран емес, біздің қызметіміздің күнделікті тәжірибесі болуы тиіс», – деді Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінур Тасыбаев.

ОПМ кезеңінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет етеді. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, көше қылмысын болдырмау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын сақтауға және құқықтық тәртіпті қолдауға шақырады.

Бұған дейін Алматы жолдарында азаматтық киімдегі және азаматтық көліктегі полицейлер патруль жүргізетіні хабарланған болатын. Қатаң шаралар 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Медеу ауданында болған резонансты жол-көлік оқиғасынан кейін қабылданды. Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылымен келе жатып, қарсы жолаққа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ішкі істер министрі Алматыға өңірлерден полицейлерді жіберіп, рейдтер ұйымдастырды.

Алматы әкімі полицияға Әл-Фарабидегі өліммен аяқталған ЖКО-дан кейін қатаң шаралар қолдануды тапсырды. Рейдтердің алғашқы күндерінде 4,8 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы анықталды, оның ішінде мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану және тиісті құжатсыз жүргізу фактілері бар. 2 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына қамалды.

Жол-көлік оқиғасының тергеу барысы Мемлекет басшысының бақылауында.

Дереккөз: Inform.kz