...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы өз туристік әлеуетін Шанхайдағы ITB China 2026 көрмесінде таныстырды

Алматы Азиядағы ең ірі туристік көрмелердің бірі — Шанхайда өткен ITB China 2026-ға қатысты. Бұл шараға әлемнің 80-нен астам елінен 700-ден астам туристік компания жиналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы стенді көрмеге келушілер мен қатысушылардың назарын өзіне аударды. Қонақтарды ұлттық киім киген батырлар қарсы алды, алаңда қазақ музыкасы ойнап, би қойылымдары мен флешмобтар өтті. Қатысушылар қаланың мәдениеті, гастрономиясы және туристік мүмкіндіктерімен танысты.

Көрме аясында Алматы командасы халықаралық туроператорлар, әуе компаниялары және туристік платформалармен бірқатар кездесулер өткізді. Негізгі назар Алматыны Қытай нарығында ілгерілету және халықаралық туристік ынтымақтастықты кеңейтуге аударылды.

Сонымен қатар, ITB China 2026 аясында Алматы қаласының туризм күндері өтіп, шетелдік серіктестерге мегаполистің туристік бағыттары — тау туризмінен бастап мәдени және гастрономиялық маршруттарға дейін таныстырылды. Іс-шара қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 5 меморандумға қол қойылды.

ITB China 2026 — Алматы жыл басынан бері қатысып жатқан үшінші халықаралық туристік көрме. Жалпы, 2026 жылы қала тоғыз халықаралық алаңда және роуд-шоуда өзінің туристік әлеуетін таныстыруды жоспарлап отыр.

Қытай тарапынан Алматыға деген қызығушылық артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Ресейден кейін Алматыға кіру туризмі бойынша екінші орынды иеленді — қалаға ҚХР-дан 136,4 мың турист келді.

ITB China 2026-ға қатысу Алматының Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде халықаралық имиджін нығайтудағы тағы бір қадам болды.

Дереккөз: Almaty.tv