Алматы орталығында коммерциялық үй-жайдың иесі ғимараттың жанындағы ағашты кесіп тастады. Бұл үй тұрғындарының наразылығын тудырып, полиция араласты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 102 пультіне Алмалы ауданындағы Наурызбай батыр көшесіндегі үй тұрғыны мен коммерциялық нысан иесі арасындағы дау туралы хабарлама түскен.
«Келіспеушіліктің себебі ағаш кесу болды. Кәсіпкердің айтуынша, тамыр жүйесі үй-жайды зақымдап, жертөлені су басуға әкеліп жатыр. Сонымен қатар ол қажетті рұқсат құжаттарын алғанын мәлімдейді», — делінген полиция хабарламасында.
Алайда жергілікті тұрғын ағаш кесудің заңдылығына күмән келтіріп, полицияға жүгінген. Оқиға орнына учаскелік инспектор келіп, алғашқы материалдарды жинады. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, жағдайға құқықтық баға беріліп, қажетті құжаттар сұратылады.
Дереккөз: Nur.kz