...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы метросының үш жаңа станциясы: 2,9 млрд теңгеге тендер жарияланды

Алматы метрополитенінің бірінші желісінің үшінші кезегін — «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Тиісті лот мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған, тапсырыс беруші — «Метрополитен» КМК. Тендер құны 2,9 млрд теңгені құрайды.

Техникалық құжаттамаға сәйкес, жаңа тармақ «Қалқаман» станциясынан батыс бағытта Абай даңғылы бойымен Алатау даңғылына дейін, одан әрі солтүстік бағытта Алатау даңғылы бойымен Райымбек батыр даңғылына дейін, содан кейін батыс жаққа «Барлық» базарына бұрылып салынады.

Жобада бағаналы типтегі үш жер асты станциясын салу көзделген. Олар Алатау даңғылы бойында — Абай даңғылынан солтүстікке қарай, Төле би көшесінен солтүстікке қарай, сондай-ақ «Барлық» базары аумағында, Райымбек батыр даңғылынан оңтүстікке, Алатау даңғылынан батысқа қарай орналасады.

Барлық станциялар платформалық есіктермен, екі вестибюльмен, кіру топтарымен және техникалық үй-жайлармен жабдықталады. Соңғы станцияда айналым съезі және Райымбек даңғылы астынан екі шығысы бар жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған. Жаяу жүргіншілер тоннельдерінде қоғамдық дәретханалар мен банкоматтар орнатуға арналған орындар орналастыру жоспарлануда.

Жобада халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділік, құрылыстардың сейсмикалық төзімділігі, қауіпсіздік жүйелері, желдету, электрмен жабдықтау және су бұру талаптары бөлек енгізілген.

Мердігер жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, болашақ станциялардың үш өлшемді визуализациясын әзірлеуі тиіс.

Бұған дейін Алматыда метроның жаңа желілерін салуға шетелдік мердігерлерді тарту мүмкіндігі хабарланған болатын.

Қалада метро желісін Алматы шегінен тыс — Алатау бағытына ұзарту мүмкіндігі де қарастырылуда.

Болашақта Алматы метрополитенін халықаралық әуежайға дейін ұзарту жоспарлануда. Бас жоспарға сәйкес, екінші метро желісі «Жібек жолы» станциясынан Панфилов пен Гоголь көшелерінің қиылысындағы Алматы әуежайына дейін өтеді.

Жоба алты станцияның құрылысын көздейді. Жаңа тармақ жер астынан Орталық мәдениет және демалыс саябағы, Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ), Halyk Arena мұз кешені ауданы және Күлжа трактісі арқылы өтеді. Соңғы станцияны әуежай терминалының алдындағы тұрақ аймағына тікелей орналастыру жоспарлануда.

Дереккөз: Inform.kz