Қазақстанда Алматы мен Ыстықкөл арасындағы тікелей автомобиль жолын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаның ұзындығы шамамен 100 шақырымды құрайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдос Көбетов Қазақстандағы МЖӘ дамыту жөніндегі халықаралық инвестициялық диалогта мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін тарту арқылы іске асырылатын ірі стратегиялық жобалардың тізбесі жасақталған. Соның ішінде Алматы – Ыстықкөл тікелей жолының құрылысы да бар.
Жобаны Азия даму банкі сүйемелдейді. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде, одан кейін құжат келісу және сараптамаға жіберіледі.
– Бүгінгі таңда Алматыдан Ыстықкөлге дейінгі жол шамамен 400 шақырымды құрайды. Бұл өте үлкен қашықтық. Орта есеппен жолға 6-7 сағат кетеді. Ыстықкөл көрші мемлекетте орналасқанына қарамастан, оңтүстік Қазақстанның және тек оның ғана емес, сүйікті демалыс орны. Сондықтан сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты, дәл Қазақстан халқына, қоғамға бағдарлана отырып, осындай халықаралық жол салуды қалайды. Егер бұл жоба қазір іске асса, жол үш есеге жуық қысқарады. Яғни, қазір 400 шақырымды құраса, тау шатқалдары арқылы өтетін тікелей жол шамамен 100 шақырым болады, – деді Айдос Көбетов.
Ол сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан үшін құрылыстың экономикалық тиімділігі анықталатынын қосты. Ұқсас бағалауды Қырғызстан да жүргізеді. Егер екі тарап жобаны іске асыруды қолдаса, жол салуға конкурс жарияланады.
Дереккөз: Inform.kz