Қонаевта 21 ойын бизнесі нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы бар. Салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, ойын бизнесі өңір туризмінің дамуына оң әсер етеді. Мысалы, облыстық Туризм басқармасының дерегінше, казиноға келушілердің шамамен 20 пайызы шетел азаматтары.
Осыған байланысты «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетелдіктерге арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарлануда.
Әкімдікте жобаны дәл Талғар ауданына орналастыру ұсынысы аумақтың жоғары туристік әлеуетіне байланысты екенін атап өтті. Аудан Алматы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан, сондай-ақ тау, сауықтыру және рекреациялық туризмнің дамыған инфрақұрылымына ие.
Бұған дейін Қазақстанда құмар ойындарды ұйымдастыруға рұқсат етілген орындар саны артып жатқаны хабарланған болатын.
Дереккөз: Zakon.kz