Алматы маңындағы таулы аймақта 4500 метр биіктікте екі жас турист маршруттан адасып, құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға Қарасай ауданында, Сатпаев шыңының маңында болған. Туристермен байланыс үзілмегендіктен, Алматының мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары олардың нақты орнын анықтап, жетіп барды.
Содан кейін жасөспірімдерді төменге алып түсе бастады. Түнгі сағат 05:00-де 2007 және 2009 жылы туған екі жас «Эдельвейс» турбазасының шлагбаумына аман-есен жеткізілді. Оларды сол жерде ата-аналары күтіп тұрған.
Түнгі уақытта және биік тауда болғанына қарамастан, туристерге медициналық көмек қажет болмады.
Бұған дейін сол Қарасай ауданында шамамен 3300 метр биіктікте үш туристке құтқарушылардың көмегі қажет болған.
