...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы кіреберісінде 1,5 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды

Алматыда 19 мамырдан бастап «Рубеж» бекеттері жаңа форматта жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қаланың негізгі кіреберіс және шығаберіс жолдарында 8 бекет орналасқан, олар барлық транзиттік бағыттарды қамтиды.

Бекеттердің жаңартылған форматы іске қосылған сәттен бастап 1,5 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде уыттылық пен түтінділік нормасынан асып кетудің 500-ге жуық фактісі тіркелген.

Сондай-ақ 88 жүргізуші құжатсыз көлік жүргізгені үшін ұсталды. Полиция техникалық байқаудан өтпеген 125 автокөлікті пайдалану фактісін жолын кесті. 61 жүргізуші сақтандыру полисінің жоқтығы үшін жауапқа тартылды, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ 7 көлік құралы анықталды, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаудың 122 фактісі тіркелді.

Бұдан басқа, тексерулер барысында 111 тыйым салынған зат алынды, оның ішінде 109 бірлік суық қару (пышақтар, кастеттер) және 2 бірлік атыс қаруы бар.

Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев «Рубеж» бекеттері қалаға кіреберістегі қауіпсіздік сүзгісі ретінде өз тиімділігін көрсетіп жатқанын атап өтті. «Біз көліктің техникалық ақауларын да, заңнаманың өрескел бұзушылықтарын, оның ішінде тыйым салынған заттарды тасымалдау фактілерін де анықтаймыз. Біз жүргізушілерді жол жүрісі ережелерін сақтауға, уақытылы техникалық байқаудан өтуге және көліктің техникалық жағдайын қадағалауға шақырамыз. Бұл тек заң ғана емес, сонымен қатар барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі мәселесі», — деді ол.

Еске сала кетейік, Алматыда атмосфералық ауаның ластануын азайтуға бағытталған төмен шығарындылар аймақтарын (Low Emission Zones, LEZ) құру жобасы жүзеге асырылуда. Болашақта белгіленген экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автокөліктер үшін мұндай аймақтарға кіру ақылы немесе шектеулі болуы мүмкін.

Дереккөз: Inform.kz