...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматы – Хоргос трассасында камераға ортаңғы саусағын көрсеткен жүргізуші жауапқа тартылды

Алматы облысында камераға әдепсіз қимыл көрсетіп, мемлекеттік нөмірін жасырған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

ІІМ ақпараттық медиапорталының мәліметінше, полиция қызметкерлері Алматы – Шелек – Хоргос автожолының 140-шақырымында бейнебақылау камерасын тексеру барысында көлік жүргізушісінің бұзақылық әрекетін тіркеген.

Бейнежазбада ер адам көлікпен камера жанынан өтіп бара жатып, оған қарай әдейі ортаңғы саусағын көрсеткені байқалады.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары көліктің орналасқан жерін анықтап, сұр түсті Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатқан.

Жүргізушінің жеке басы анықталып, ол жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар тексеру барысында ол камера алдында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін әдейі жасырғаны анықталған.

Осыған байланысты оған ҚР ӘҚБтК-нің тиісті баптары бойынша хаттамалар толтырылды.

Материалдар процестік шешім қабылдау және құқық бұзушыны жауапкершілікке тарту үшін сотқа жіберілді.