Қазіргі уақытта Алматы-3 теміржол вокзалын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) материалдары Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Мемлекеттік ведомствоаралық жобалар сараптамасы» РМК (Мемсараптама) қарауында жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мерзімдер мен нақты бюджет әзірге аталмайды. Алайда қалалық әкімдік болашақ жолаушылар ағыны мен жүк айналымын 2032 жылдан бастап есептейді. Болжам бойынша, жолаушыларды жөнелту көлемі: 2032 жылы – 0,753 млн адам, 2036 жылы – 0,953 млн адам, 2041 жылы – 1,328 млн адам, 2046 жылы – 1,466 млн адам. Ал №2 индустриялық аймаққа қызмет көрсету үшін жаңа Алматы-3 станциясы арқылы жүк тасымалының болжамды көлемі 2032–2046 жылдар аралығында жылына 3,95 млн тоннаны құрайды.
Жоба аясында қала аумағындағы 52 және Алматы облысы Қарасай ауданындағы 464 жер учаскесін алып қою көзделген. Вокзал құрылысы Алматыдағы қолданыстағы вокзалдар арасындағы жолаушылар ағынын қайта бөлуге және №2 индустриялық аймақтың жүк тасымалын қамтамасыз етуге бағытталған.
Әзірленген ТЭН бойынша Алматы-3 вокзалы заманауи инженерлік, технологиялық және инфрақұрылымдық шешімдерді қолдана отырып, теміржол инфрақұрылымы объектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес салынады. Түпкілікті техникалық сипаттамалар жобалау аяқталғаннан және мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін анықталады.
Алматыны үшінші теміржол вокзалымен қамтамасыз ету ұсынысы 2021 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан айтылған болатын. Бір жылдан кейін шешім түпкілікті қабылданған сияқты. 2024 жылы мерзімдер – 2026–2027 жылдар деп көрсетілді.
Дереккөз: Zakon.kz