
Әлеуметтік желіде Алматыдағы қоғамдық орында беті жабық бірнеше әйелдің видеосы тарады. Полиция бұл түсірілімнің коммерциялық мақсатта қойылым екенін анықтады, алайда кейбір қатысушылардың әрекетінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілері табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаменті Instagram-парақшасында бұл видеороликтің қойылымдық сипатта екенін және коммерциялық мақсатта түсірілгенін мәлімдеді. Алайда түсірілімге қатысушылардың кейбірінің киімінде бетті тануға кедергі келтіретін киім элементтері болғандықтан, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
«Материалдарды қарау нәтижесінде кінәлі тұлғалар ескерту жасалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда жүргендердің барлығына, мақсатына қарамастан, заң талаптарын сақтау міндетті екенін ескертеді. Еске салайық, маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салатын заңға қол қойған болатын. ІІМ бұл киімді «тәуекел факторы» деп атады.
Дереккөз: Nur.kz