
Алматыда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша кеңес өтті. Заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, басқарма басшылары, аудан әкімдері, құқық қорғау және аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері, басқармалар мен ведомстволық ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Кеңесті аша отырып, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Мемлекетке қызмет ету – ең жауапты әрі құрметті миссиялардың бірі, ал кәсібилік, ашықтық және азаматтарға бағдарлану қағидаттары мемлекеттік қызметшілер үшін негізгі бағдар болып қалуы тиіс. Жаңа заң мемлекеттік қызметті дамытуға, оны кәсібилендіруге, сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген іріктеу процестерін жетілдіруге бағытталған», – деді Алматы әкімі.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жаңа заңның мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіруге, кадрларды іріктеу тетіктерін жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың сервистік моделін дамытуға және мемлекеттік органдар жұмысында клиентке бағдарланған тәсілді нығайтуға бағытталған негізгі жаңалықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті – ашықтыққа, сервистік қызметке және адамға бағдарлануға негізделген басқару мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік қызмет жеке сектордың жоғары білікті мамандары мен дарынды басқарушылары үшін құзыреттер мен қабілеттер негізінде ашық болды. Мемлекеттік қызметтің ГИБРИДТІК МОДЕЛІ қалыптастырылды, ол мансаптық және позициялық модельдің элементтерін қамтиды. Енді іріктеу кезінде кандидаттың таңдалған лауазымның функционалдық бағытына сәйкес мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік және жеке сектордағы жалпы жиынтық жұмыс өтілі ескеріледі», – деп атап өтті Д. Жазықбай.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, заманауи кадрлық құралдарды енгізу, меритократия қағидаттарын нығайту және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби корпусын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа заңнаманы іске асырудың практикалық аспектілерін және оны қаланың мемлекеттік органдарының қызметіне тиімді енгізу міндеттерін талқылады.
Іс-шара аясында ардагерлер мен қазіргі мемлекеттік қызметшілерді марапаттау рәсімі өтті. «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Гүлжан Мамреева, Нұрзат Ордабаев, Бахтияр Камалов, Күлбадан Тажиева және Құлайхан Шойбекова марапатталды. Грамоталармен Күлзия Берденёва мен Айкерім Салимова белгіленді. Алғыс хаттар Жанар Тілеуғабылова мен Марат Досымбекке табыс етілді.
Дереккөз: Almaty.tv