
Бүгін, 31 мамырда, Алматыдағы «Қарағайлы» саябағында 1931–1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қала басшылығы, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, жазушылар, жастар және басқалар қатысты.
Қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең маңызды естелік күндердің бірі. Бұл күні саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбаны болған миллиондаған адамды еске алады. Тәуелсіздік жылдарында тарихи әділдікті қалпына келтіру, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау және өткеннің қайғылы беттері туралы естелікті сақтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
Күн бойы Алматыда еске алу шаралары өтеді. Сонымен қатар, осы күндері қалада конференциялар, дөңгелек үстелдер, тарихи-ағартушылық дәрістер, кітап және фотовыставкалар, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесулері және басқа да тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылған.
Дереккөз: Almaty.tv