Жетісу облысында Алматы – Өскемен тас жолының 175-шақырымында қозғалыс кезінде өртенген Volvo жүк көлігінен полицейлер 38 бас жылқыны аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға бүгін таңертең болған. Тәртіп сақшылары өртті байқап, дереу тоқтап, өрт сөндіргіштермен жүргізушіге көмекке ұмтылған. Алайда жағдай күрделене түсті, себебі көлік ішінде 38 бас жылқы болған.
Өрт сөндірушілердің келуін күтпей, полицейлер малды құтқаруға кіріскен. Сонымен қатар олар өртті сөндіру шараларын да қабылдаған.
Полицейлердің жедел және батыл әрекеттерінің арқасында барлық жылқы қауіпсіз жерге шығарылды.
Анықталғандай, жүргізуші малды Құршамнан Шымкентке тасымалдап бара жатқан, жолда көлік өртенген.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеді. 38 бас жылқының барлығы аман. Өрттің себебі анықталуда.
