...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Түнде тауда адасқан: Алматыда екі турист құтқарылды

27 сәуір 2026 жылы түнгі уақытта Алматы қаласының Медеу ауданында, Бутаковка шатқалында теңіз деңгейінен шамамен 2900 метр биіктікте, канатты жол маңында бір жігіт пен қыз жолдан адасып, өздігінен түсе алмай қалған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Құтқарушыларға сигнал түскен соң, ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару жасағының мамандары «Медеу» бекетінен дереу жолға шыққан. Оқиға орнына жетіп, олар «Пионер» шаңғы курорты жағынан жаяу жүріп, таулы жерде қараңғыда іздеу жүргізіп, адасқандарды тапқан.

Құтқарылғандар жеңіл киінген және қатты тоңған. Құтқарушылар оларды жылы киіммен қамтамасыз еткен. Туристердің жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады, — деп хабарлады құтқарушылар.

Құтқарушылар оларды қауіпсіз түсіріп, автокөлікке дейін алып барып, Бесқайнар ауылына жеткізген.

Дереккөз: Nur.kz