Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясының жергілікті кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиында қала маңын газдандыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және қала шекарасында мектеп салу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Негізгі тақырыптардың бірі – Қарасай, Іле және Талғар аудандарының тұрғындары үшін табиғи газдың қолжетімділігін арттыру. Инженерлік инфрақұрылымды дамытумен қатар магистральдық желілер салып қана қоймай, тұрғын үйлерді газбен жабдықтауға қосуды жеделдету маңызды екені атап өтілді. Ол үшін Алматы облысының әкімдігі халық үшін ыңғайлы қаржыландыру тетіктерін әзірлейді, ішкі кварталдық желілердің құрылысын жеделдетеді және қажетті рәсімдерді жеңілдетеді.
Сондай-ақ Түрксіб ауданының аумағынан бес көмір базасын көшіру мәселесі қаралды. Қалада сатылатын көмірдің 85% Алматы агломерациясының тұрғындары тұтынатыны, бұл қалалық инфрақұрылымға қосымша жүктеме тудыратыны айтылды.
Алматы шекарасынан БАҚАД-қа дейінгі радиалды жолдарды салуға ерекше назар аударылды. Жобалар қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жер учаскелерін сатып алу және жобалық құжаттаманы жаңарту рәсімдері аяқталуда.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Абай, Рысқұлов даңғылдары мен Саин көшесінің бойымен БАҚАД-қа шығатын жолдарды қысқа мерзімде қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бұл басым міндеттердің бірі. Біз қолданыстағы жол желісіне жүктемені азайтып, транзиттік көліктің қала құрылысын айналып өтуін қамтамасыз етіп, автомобиль көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін қысқартуымыз керек. Қаражат қарастырылған, жұмыс көлемі анықталған. Бейінді басқармалар жұмыстың сапасы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Дархан Сатыбалды.
Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев агломерация халқының тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе Алатау қаласындағы, сондай-ақ Қарасай, Іле және Талғар аудандарындағы жаңа тұрғын алаптар белсенді дамып келеді.
«Осыған байланысты мектеп салу үшін жер учаскелерін алдын ала анықтау, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу және құрылыс жұмыстарын жедел бастау ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, қала маңындағы жолаушылар тасымалы Алматы агломерациясы тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Күн сайын облыстың ондаған мың тұрғыны Алматы қаласына сапар шегеді. Сондықтан қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету, маршруттық желіні оңтайландыру және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру басты міндеттердің бірі. Біздің мақсатымыз – әкімшілік шекараларға қарамастан, агломерация тұрғындары үшін бірыңғай, ыңғайлы және тиімді көлік жүйесін қалыптастыру», — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
Дереккөз: Almaty.tv