Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының елді одан әрі индустрияландыру және цифрландыру жөніндегі міндеттерін орындау үшін жаңа генерациялаушы энергия қуаттарын енгізу маңызды екенін атап өтті. Энергетика министрлігіне және «Самұрық-Қазына» қорына белгіленген мерзімде негізгі энергия генерациясы жобаларының іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Көмір химиясындағы қолданыстағы әлеуетті ескере отырып, көмірді өңдеу жобаларына жеке инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейту жұмыстарын жандандыруды тапсырамын. Ел экономикасының дамуы одан әрі индустрияландыру және цифрландыру, инфрақұрылымның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды ұлғайтуды талап етеді», — деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов Алматы электр станцияларын, сондай-ақ Түркістан облысындағы парогаз қондырғысын уақтылы пайдалануға беру үшін Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры басшыларының жеке жауапкершілігін еске салды.
«“Самұрық-Энерго” басшысы Қайрат Мақсұтов, өткен аптада энергетика министрі Алматыға барып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті тексерді. ЖЭО-3 бойынша жағдай қанағаттанарлықсыз. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жыл соңына дейін аяқтамасаңыз, сіздің жеке жауапкершілігіңіз туралы мәселе қаралады. Күнделікті бақылауға алыңыз», — деп тапсырды Премьер-министр.
Сондай-ақ мұнай мен газ өндіру бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Энергетика министрлігіне барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу және нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Дереккөз: Almaty.tv