...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Krisha.kz және Korter.kz сайттарына рұқсатсыз жарнама үшін 1000 АЕК айыппұл салынды

Алматыда Krisha.kz және Korter.kz сайттарының операторлары үлестік құрылыс нысандарына рұқсат құжаттарынсыз жарнама орналастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, сайттарда үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты жоқ нысандардың жарнамасы орналастырылған. Тексеру қорытындысы бойынша платформа операторларына Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңының талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін азаматтардың қаражатын тартуға, сондай-ақ мұндай нысандарды жарнамалауға уәкілетті органның рұқсаты немесе заңда көзделген үлескерлердің құқықтарын қорғаудың өзге де тетіктері болған жағдайда ғана жол беріледі.

Іс материалдарын қарау нәтижесінде Krisha.kz платформасының иесі «Колеса» АҚ 1 000 АЕК (4 325 000 теңге), ал Korter.kz-ті ұсынатын «Флетфай-Қазақстан» филиалы 500 АЕК (2 162 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі.

Баспасөз қызметі бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алмас бұрын, құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатының және басқа да міндетті құжаттарының бар-жоғын тексеру қажеттігін еске салды. Салынып жатқан нысандарға рұқсат құжаттары туралы ақпаратты басқарманың WhatsApp-арнасы арқылы +7 (705) 89 66 000 нөміріне хабарласып алуға болады.

Дереккөз: Inalmaty.kz