
Қорғаныс министрі Даурен Косановтың төрағалығымен Алматыда Құрлық әскерлерінің Әскери институты базасында ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда 2026 жылғы қысқы оқу кезеңінің қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Министр әскерлердің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығы мен жауынгерлік қабілетін, техникалық жарақтандыруды, сондай-ақ басқару және дайындық процестерін цифрландыруды жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ол армияны заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен, оның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, артиллериямен, зымыран кешендерімен және оқ-дәрілермен жабдықтауды басым бағыт деп белгіледі. Сондай-ақ әскерлердегі және ОҚК кәсіпорындарындағы техниканы жөндеу қарқынын арттыру қажет.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қысқы оқу кезеңіндегі әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы туралы баяндап, жеке құрамды оқыту әдістемесіндегі жаңа тәсілдерді атады. Ол бірыңғай ату курсын және жалпы әскери пәндер бойынша жаңа нормативтерді әзірлеуді, командирлік дайындық форматын жаңартуды және «Бес қару» бағдарламалық модулін енгізуді көздейтін жауынгерлік дайындық бағдарламасын түбегейлі қайта қарау туралы айтты.
Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасар генерал-майор Асқар Мұстабеков профилактикалық жұмысты ұйымдастырудағы жүйелі тәсіл, тәртіпті нығайту, әскери қызмет қауіпсіздігі және әскерлерді моральдық-психологиялық қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Қару-жарақ және әскери техника жөніндегі орынбасар генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев техниканы жауынгерлік әзірлікте ұстау, оны «Батыл Тойтарыс-2026» оқу-жаттығуларына сапалы дайындау, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етуді басым міндет деп атады.
Алқа қорытындысы бойынша министр әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен дайындығын одан әрі арттыру, қару-жарақ пен техниканы ұқыпты ұстау, моторесурстар мен оқ-дәрілерді үнемді жұмсау, Қарулы күштердің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Отырыс соңында министр Алматы және Қонаев гарнизондарының полигондарында алқа отырысына дейін өткен басшылық құраммен оқу-әдістемелік жиындардың мазмұнына баға берді.
Дереккөз: Almaty.tv