Алматыдағы Көк-Төбе аумағы 25 қыркүйекте уақытша толығымен жабылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шектеулер түнгі сағат 00:00-ден кешкі 17:00-ге дейін күшінде болады.
Осы уақыт аралығында арқан жолының жұмысы тоқтатылады. Сонымен қатар көлік құралдарының жүруіне, жаяу жүргіншілер маршруттары мен соқпақтарына кіруге тыйым салынады.
Мегаполистің тұрғындары мен қонақтарынан сапарларын жоспарлау кезінде уақытша шектеулерді ескеріп, бағыттарын алдын ала өзгертулерін сұрайды.
Көк-Төбе саябағы Алматының көрікті орындарының бірі саналады. Ол теңіз деңгейінен шамамен 1100 метр биіктікте, аттас тауда орналасқан. Мұнда қаланың танымал сәулет символына айналған Алматы телемұнарасы да бар.
Бұған дейін телемұнараның құрылыс тарихы және Алматының ең танымал нысандарының бірі қалай пайда болғаны туралы айтылған болатын.
