...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Қан донорларының саны бойынша Алматы көшбасшылар қатарында

14 маусым – Дүниежүзілік қан доноры күні. Бұл күні Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам адам қан тапсырады. Донорлардың ең көп саны Астана, Алматы және Шымкентте тіркелген. Себебі ірі қалаларда халық саны көп болған сайын қанға және донорларға деген қажеттілік те артады. Олардың жанашырлығының арқасында еліміздің медициналық ұйымдары күн сайын операциялар, онкологиялық ауруларды емдеу, жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге көмек көрсету, ауыр жарақат алған науқастар мен нәрестелер үшін өмірлік маңызды қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада 255 255 донация жасалған. Бұл азаматтардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қан қызметінің тұрақты дамуын көрсетеді.

Донорлық қозғалыста ерекше орынды 50 реттен астам қан мен оның компоненттерін тапсырған құрметті донорлар алады. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтауға қосқан үлесін бағалау қиын.

Құрметті донорлар, оның ішінде қарапайым жанашыр және әлеуметтік жауапты адамдар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» ведомстволық наградаларымен марапатталған.

Жалпы, елдегі донорлық қозғалыс тұрақты жүйелі сипатқа ие. Жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор болып, 255 мыңнан астам донация жасайды. Бұл жыл сайын 80 мыңнан астам науқасқа сапалы қан құюды қамтамасыз етіп, оларға өмір сүру мен сауығуға басты мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау кодексіне сәйкес, медициналық тексеру және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор болып табылатын қызметкер жұмыс беруші тарапынан орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады.

Қан орталығы Дүниежүзілік қан доноры күні тек донорлардың мерекесі ғана емес, сонымен қатар қоғамның ерікті және өтеусіз донорлық мәселелеріне назарын аударудың маңызды алаңы екенін атап өтеді.

Дереккөз: Almaty.tv