Қазақстанның бірқатар өңірінде 14 тамызда Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр қуатының күрт өзгеруі салдарынан электрмен жабдықтауда үзілістер болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Орталық Азия энергожүйесінен электр қуатының күрт өзгеруі апатқа қарсы автоматиканың іске қосылуына және Қазақстанның бірнеше өңірінде бірқатар тұтынушылардың ажыратылуына әкелді.
— 2026 жылғы 14 тамызда энергожүйеде Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр қуатының күрт өзгеруінен туындаған қуаттың артуы орын алды. Нәтижесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, ҚР-дың кейбір өңірлерінде бірқатар электр тұтынушыларының ажыратылуына себеп болды. Қазіргі уақытта жүйелік оператор «KEGOC» АҚ қажетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде, бірқатар өңірде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында, — деп түсіндірді ведомствода.
Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру барысы туралы толық ақпарат қосымша хабарланады.
Еске салайық, бүгін Алматының төрт ауданында және Алматы облысының 10 ауданында 2026 жылғы 14 тамызда күндіз электр қуатын беру тоқтатылды. Сондай-ақ, Алматыдағы блэкаут 8 балдық кептелістерді тудырды.
