...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қоғам

Бес жасар бала үш магнитті жұтып қойған: Алматыда шұғыл ота жасалды

Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері бес жасар балаға шұғыл ота жасады. Бала үш магнитті жұтып қойған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Аурухананың мәліметінше, бір магнит асқазаннан, ал қалған екеуі аш ішектен табылған. Күшті тартылыс салдарынан олар ағза қабырғалары арқылы бір-бірімен жалғасып кеткен.

Тұрақты қысымның әсерінен тіндер зақымданып, асқазан мен аш ішек арасында патологиялық байланыс – магниттік фистула пайда болған.

№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары, хирург Марат Каптагаевтің айтуынша, алғашында ота лапароскопиялық жолмен жасалған. Алайда дәрігерлер зақымдану сипатын бағалаған соң, ашық әдіске көшу туралы шешім қабылдаған.

Хирургтер үш магнитті де алып тастады, фистуланы жойды, зақымдалған тіндерді кесіп, тігіп шықты. Құрсақ қуысы санитариялық өңдеуден өтіп, дренаж қойылды.

Ота сәтті өтті. Емнен кейін баланың жағдайы жақсарған, ал ауруханадан шығарылған кезде отадан кейінгі жараларда қабыну белгілері байқалмаған.

Аурухана мамандары бірнеше магнитті жұтудың ерекше қауіпті екенін ескертеді. Олар асқазан-ішек жолдарының әртүрлі бөлімдерінің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылып, тіндердің зақымдануына, тесілуіне, фистулаларға, ішек өтімсіздігіне және перитонитке әкелуі мүмкін.

№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров ата-аналарды баланың магнит жұтқанына күдіктенсе, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды.