A’Studio тобы Алматы қаласының құрметіне «Janbyrdan son» деп аталатын жаңа трек шығарды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ән «Жаңбырдан кейін» деген мағынаны білдіреді және барлық цифрлық алаңдарда жарияланды. Трек Алматы күніне орай шығарылып, топтың тарихы басталған сүйікті қалаға арналған.
Кети Топурия әнді қазақ тілінде орындады, бұл топ жанкүйерлерін ерекше таңқалдырды.
«Біз үшін бұл ерекше ән! Біз де, жанкүйерлеріміз де қазақ тіліндегі әнді көптен күттік, міне — аңсаған релиз!» — деді топтың негізін қалаушы әрі жетекшісі Байғали Серкебаев.
Топ мүшелері жанкүйерлердің назарын синглдің мұқабасына да аударды. Онда топтың үлкен досы, Aray тобының алғашқы құрамының бас-гитарисі Фархат Ибрагимовтің суреті бейнеленген. Осы топтың негізінде Almata тобы құрылып, кейіннен A’Studio болып өзгерген.
Желідегі жанкүйерлер музыкалық жаңалықты жоғары бағалады.
«A’Studio-да бәрі тұрақты, қандай трек жазса да — хит. Мен қазақ болмасам да, Кетидің қазақша орындауына бөлек құрмет! Бұл күтпеген әрі жағымды, әрі бір түрлі туғандай! Алматы қаласына лайықты сый», «Керемет ән, кереметсіңдер», «Ән — от. Қазақша сондай керемет айтасыңдар, тілді жетік меңгергендей және сол тілде сөйлейтіндей», «Жаным! Біздің тіліміз қандай әдемі», — деп жазды жанкүйерлер.
