...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматылық нейрохирургтер жаттығуда мойнын сындырған жасөспірімді аман алып қалды

Алматылық нейрохирургтер жаттығу кезінде мойнынан ауыр жарақат алған жасөспірімді құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қалалық шұғыл балалар медициналық көмек орталығында 14 жастағы спортшыға күрделі ота жасалды. Оқиға шамамен екі ай бұрын күрес сабағында болған. Спарринг кезінде бала құлап, басын жерге соққан. Құлаған соң ол мойнында қатты ауырсыну сезінген, кейін әлсіздік, бозару және қолдарының ұюы пайда болған. Жағдайы жақсармаған соң, отбасы дәрігерге жүгінген.

Тексеру барысында дәрігерлер мойын омыртқаларының біреуінің сынуы және омыртқалардың қосылыс аймағында ығысуы анықталды. Бұл жұлынның зақымдануына әкелуі мүмкін еді. Жасөспірімді ауруханаға жатқызып, күрделі ота жасады — дәрігерлер зақымдалған омыртқаны дұрыс орнына келтіріп, мойын омыртқасын бекітті.

Ота тәжірибелі спинальды нейрохирург Тимур Айтмуханов пен орталық мамандарының қатысуымен мастер-класс форматында өтті. Алматы қалалық шұғыл балалар медициналық көмек орталығы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Рахым Ахан: «Мойын омыртқасының жарақаттары — ең қауіптілердің бірі. Бұл жағдайда біз отаны уақытында жасап, ауыр зардаптардың алдын алдық. Қазір баланың жағдайы тұрақты, ол сауығып келеді», — деді.

Емнен кейін жасөспірімнің жағдайы қанағаттанарлық, ол үйіне шығарылды. Бұдан әрі ол тұрғылықты жері бойынша дәрігерлердің бақылауымен қалпына келу курсынан өтеді.

Дереккөз: Almaty.tv