
Алматыда Шұғыл педиатриялық көмек орталығының дәрігерлері ойын алаңында карусельден құлап, ауыр жарақат алған 9 жасар баланың өмірін сақтап қалды. Бүйрегі жыртылып, органнан айырылу қаупі төнсе де, медиктер баланың жағдайын тұрақтандырып, бүйрегін сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Дәрігерлердің айтуынша, баланы жедел жәрдем бригадасы ауыр жағдайда шұғыл түрде жеткізген. Баладан аралас жарақат анықталған: сол жақ бүйректің соғылуы мен жыртылуы, іштің жарақаты, құрсақ қуысы мүшелерінің соғылуы, жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және жарақаттық шок.
Баланың ішкі ағзалары ауыр зақымданып, ішкі қан кетумен қатар жүрген. Жағдай өте ауыр болғандықтан, бірнеше дәрігерлік консилиум өткізілген. Мамандар хирургиялық араласу туралы шешім қабылдаған.
Бірінші кезеңде балаға сол жақ несепағарға стент қою операциясы жасалған. Операция 45 минутқа созылған. Келесі күні хирургтар күрделі операция – бүйрек жыртығын тігу операциясын жүргізген, ол 2 сағатқа созылған. Дәрігерлердің басты міндеті баланың өмірін сақтап, зақымдалған органды алып қалу болған.
Медиктер баланың өмірі үшін 20 күн бойы күрескен. Мамандардың үйлесімді жұмысы мен уақтылы операциялардың арқасында баланың жағдайы біртіндеп жақсарған.
Бүгінде бала сауығып келеді, ал дәрігерлер мүмкін емес нәрсені іске асырды – жарақаттың ауырлығына қарамастан бүйректі сақтап қалды.
Дереккөз: Almaty.tv